Елордада 2-6 жас аралығындағы 42 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қалалық мәслихатта Мәжит Шайдаровтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016-2020 жылдарға арналған елорданы дамыту бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2015 жылы 15 желтоқсан күні қабылданған 427/61В шешіммен бекітілген. Бағдарламада білім және денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау блоктары бойынша 14 индикатор қарастырылған. Білім саласына келетін болсақ, білім сапасын бағалайтын PISA тесті бойынша Нұр-Сұлтан қаласында математикадан көрсеткіш – 450 балл болды. Жоспар бойынша 496 балл болатын. Ғылым бойынша 428 балл болды, ал жоспар бойынша 482 балл болуы керек еді. Жалпы республика бойынша көрсеткішіміз жоғары», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейітқұлов.

Оның айтуынша, 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100% қамтылды.