Елордада 2 мыңға жуық анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2010-2013 жылдары Алматы ауданында 2 мыңға жуық анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тапсырылды.

Бұл туралы astana.kz сайтына Алматы әкімі аппаратынан хабарлады.

«Ауданда «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған 1 783 көп балалы ана бар, 2 273 ана 18 жасқа дейінгі 4 және одан артық баланы тәрбиелеп отыр», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2013 жылы тағы да 64 көп балалы ана осындай алқалармен марапатталды.

«Есептік жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес ауданда 64 көп балалы анаға естелік сыйлықтар мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» берілді», - деп хабарлайды ведомство.

Еске салайық, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР заңына сәйкес «Күміс алқа» медалі алты баланы дүниеге әкеліп, алтыншы бала бір жасқа толған соң және басқа балалар тірі болса беріледі. Ал жеті және одан көп баласы бар аналар соңғы бала бір жасқа толғаннан кейін «Алтын алқа» медалімен марапатталады.