Елордада «2010 жылғы навигацияда кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында кеңес өтті

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «2010 жылғы навигацияда кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында кеңес өткізілді,

деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті ұйымдастырған кеңеске республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорындары, «Кеме қатынасы тіркелімі» мемлекеттік мекемесі, өңіраралық көліктік бақылау инспекцияларының басшылары және еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері қатысқан.

Кеңес барысында алдағы навигациядағы кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, ағымдағы жылғы навигация Атырау облысында сәуірдің 1-інен басталса, Қарағанды және Алматы облыстарында - сәуірдің 10-ынан, Батыс Қазақстан облысында - 15-інен, Павлодар облысы мен Семейде - 25-інен, Шығыс Қазақстан облысында мамырдың 4-інен бастап ашылмақ.

Республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорындарының (РМҚСЖК) республика бойынша қызмет көрсететін кеме қатынасы су жолдарының жалпы ұзындығы 3982 шақырымды құрайды. Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдарында 861 өзен кемесі және 25 503 шағын өлшемді кемелер тіркелген.

«Су жолдарын кеме қатынайтын жағдайда ұстау және шлюздерді күтіп ұстау» бюджеттік бағдарлама аясында кеме қатынасы су жолдарында су түбін тереңдетіп қазу, тазалау және тралдау жұмыстары жүргізіледі және навигациялық жабдық белгілері қойылады. Көліктік бақылау комитетінің өңіраралық көліктік бақылау инспекцияларының мамандары көрсетілген бағдарламаның іс-шаралар жоспарын орындау жөнінде көрсетілген қызметтерді қабылдауға қатысады», делінген баспасөз хабарламасында.