Медиация - жанжалды шешудің қосалқы тәсілі мен амалы болып табылады. Татуластыру, ауызбіршілікке шақыру, бітімге келтіру қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан дәстүр. «Елдестіру елшіден» дегендей, ертеректе елшілік жоралғыларды жүргізетін патшалар мен хандардың дипломатиялық қызметтегі адамдары екі ел арасында туындаған қарама-қайшылықтарды осындай медиациялық жолмен шешіп отырған. Мәселен, өткен жылы азаматтық істер бойынша 1 мың 473 іс тараптардың келісімге келіп, татуласуымен тоқтатылған.
Азаматтық процестік кодекске енгізілген партисипативтік рәсім отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың ахуалын көтеруге мол мүмкіндік туғызуда. Мәселен, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында өткен жылы татуластыру рәсіммен 656 істі аяқтаған. Мұнда адвокаттар сотқа қатысушылар арасында келіссөз жүргізу арқылы екі тараптың мүддесін қорғай отырып, дауды бітімге келтіреді. Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың алдағы уақытта қарым-қатынасын сақтап, әріптестік ілтипатын жалғастыруларына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы халықтың әл-аухатын жақсартуда - экономиканың қуатын арттыруды тапсырған болатын. Бұл тұрғыда елордалық соттардың отандық кәсіпкерлер мен ірі шетелдік инвесторлардың құқығын соттық-құқықтық қорғауымен маңызды.
Инвесторлардың салған сомасы айлық есептік көрсеткіштен екі миллионнан асатын мөлшердегі болса мұндай ірі инвесторлардың даулары еліміздің Жоғарғы Сотында, ал, басқа инвесторлардың қатысуымен Астана қалалық сотында қаралады. Процестік заң негізінде инвесторлар Жоғарғы Соттың апелляциялық және кассациялық алқасына шағымдана алады.