Елордада 28 мыңнан астам мүгедек жан тұрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қанша мүгедек жан бар және оларды сауықтыруға арналған қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы және өзге де сұрақтарға Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов жауап берді, деп хабарлайды, ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласында медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында күндізгі сауықтыру қызметін көрсетуге арналған 142 төсек-орын бар. Қаладағы барлық емханаларда сауықтыру қызметін көрсететін бөлім мен кабинет жұмыс істейді. Сауықтыру қызметі кинезотерапевт, физиотерапевт, эргореабилитолог, логопед, психолог және тағы басқа медициналық сала мамандарының қатысуымен жүзеге асырылады. Одан бөлек, дәрігерлік тексеруден соң қажет жағдайда пациентке ем алуға нұсқаулық беріледі», - деді Т. Мұратов қалалық мәслихаттың жалпы отырысында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы бүгінде таңда елордада қанша мүгедек жан барын айтты.

«2020 жылы Нұр-Сұлтанда 28 553 адам мүгедек есебінде тұр. Оның ішінде 6226-сы (22,8%) ерекше күтімді талап ететін балалар. Қала бойынша мүгедек жандарды сауықтыруға арналған ересектер үшін 100 төсек-орын, ал балалар үшін 354 төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар, психоневрологиялық сауықтыруды талап ететіндерге арналған 316 төсек-орын бар. Сауықтыру орталықтарында мүгедек жандарға неврологиялық, травматологиялық, ортопедиялы, кардиохирургиялық және психоневрологиялық көмектер көрсетіледі», - деді ол.