Елордада 31 қаңтардан бастап балалар урологы Имран Муштак шеберлік сабағын өткізеді

None
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - 31 қаңтар мен 2 ақпан күндері Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында Лондоннан келген (Great Ormond Street hospital) белгілі балалар урологы Имран Муштак шеберлік сабағын өткізеді, деп хабарлайды Астана қаласының ресми сайты орталық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Имран Муштак несеп жолдарына, мәселен, қуықтың экстрофиясына ота жасауға маманданған. Қазақстанда жабық дерттерді шұғыл ота жасау арқылы емдеу қолға алынуда. Алайда, көп жағдайда мұның барлығы сәтті бола бермейді. Ота жасалғаннан кейін баланың кіші дәреті тоқтамай, қиындық көретіндері болады. Осының өзі оның қоғамнан алшақтауына, жүйкесінің бұзылуына алып келеді. Сондықтан хирург-урологтарға несеп жолдарын түгел, қуықтан бастап, оның сфинктеріне дейін бүкіл жүйені қалпына келтіру талап етіледі. Мұндай несеп жолдарын қалпына келтірудің күрделі операциялары жоғары білікті хирург-урологпен қатар клиниканың техникалық мүмкіндіктерін арттыруды да көздейді.

Мастер-класстар Ана мен бала орталығында өтеді. Айту керек, мұнда қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 5 балаға ота жасап, 10-нан астам балаға кеңес беру жоспарланған.