Елордада 4-қабаттағы пәтердің терезесінде тұрған 2 бүлдіршін құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД қызметкерлері ата-анасының қарауынсыз қалғаннан кейін терезеге шығып кеткен балаларды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

4 шілде күні Полиция департаментініі жедел басқару орталығына 4-қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесіне бала тұрғаны және оның құлап кету қаупі бар екендігі туралы хабарлама түскен. Сағат 18-04-де Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД бөлімшесіне Күйші Дина 30 мекенжайы бойынша шақырту түскен жерге жедел аттанған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 4-қабатта терезеге екі баланың шығып тұрғанын анықтаған. Осыдан кейін автосатының көмегімен 10-шы өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Р. Күбетов полиция қызметкерлерімен бірге жоғары көтеріліп, балаларды пәтер ішіне кіргізіп алған.

«Олар пәтерде үлкендердің қарауынсыз отырған. Мамандардың жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында 2015 жылы және 2018 жылы дүниеге келген қыз балалар аман қалды. Бұл - балалардың құтқарылып, қайғылы жайт орын алмаған оқиғалардың бірі. Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауды ескертеді», - делінген таратылған ақпаратта.