Елордада 4 күннің ішінде қараусыз 40-қа жуық бала бейімдеу орталығына жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 шілде мен 3 тамыз аралығында елордалық полицейлер қала аумағында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел алдын алу шарасын жүргізуде, деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

«Акцияның төрткүндік қорытындысында түрлі әкімшілік құқық бұзғаны, атап айтқанда, түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз сыртта жүргені, тыныштық бұзып, спирттік ішімдіктер ішкені, сонымен бірге қараусыз әрі қадағалаусыз болғаны үшін ішкі істер органдарына 118 жасөспірім жеткізілді, оның 99-ы кәмелеттк жасқа толмаған», - делінген хабарламада.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 32 жасөспірім, 86 ата-ана мен заңды өкіл ата-ана міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Астана қалалық білім басқармасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» қараусыз 37 бала орналастырылды. Сондай-ақ 8 отбасы ішкі істер бөлімшелеріне есепке алынды.