Елордада 400-ден астам жер учаскесі мемлекет қарамағына мәжбүрлі түрде сатып алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы әкімдігінің жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждықтар үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы қаулысы шықты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– ҚР Жер кодексінің 84-бабына, ҚР «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабына, ҚР «ҚР астанасы туралы» Заңының 9-бабына, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 63-бабына сәйкес, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 33 қаулысымен бекітілген Астана қаласының бас жоспарын іске асыру мақсатында, Астана қаласының әкімдігі қаулы етеді, – делінген құжатта. 
Қаулыға сай, жалпы алаңы 3,9422 га және 0,4032 га жер учаскелері мемлекеттік мұқтаждықтар үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылады. Нақтырақ айтқанда, мемлекет оларды иелерінен сатып алады. Бұл жұмыстар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап 2027 жылғы 7 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

Айта кетейік, аталған жер учаскелері Астана қаласы, «Алматы» ауданы, А. Тоқпанов көшесінің маңында. Онда алдағы уақытта Астана қаласының Құрылыс басқармасы мектеп салмақ. 

Елорда әкімдігі қаулы мәтінімен қоса, мәжбүрлі түрде сатып алынатын 406 учаске тізімін де жариялады. 

Еске салайық, бұған дейін елорда әкімдігі 26 жер учаскесін 135 млн теңгеге сатып алатынын жазғанбыз.