Елордада 5 мыңнан астам медбике жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда елордада 14 емхана, 14 аурухана бар және ол мекемелерде 5 мыңнан астам медбике жұмыс істейді. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты хабарлады.

Медбикелердің біліктілігін арттыру мақсатында Астанада жоғары деңгейлі шетелдік мамандарды шақырту арқылы тәжірибелік курстар өткізіледі. Бұл отандық медицина қызметкерлеріне әлемнің бірегей де жаңа технологиялары бойынша жұмыс істейтін мамандардан тәжірибе алуға көмектеседі. Аталмыш шаралардың барлығы елорда халқына сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.

Еске сала кетейік, бүгін - Халықаралық медбике күні. Ол жыл сайын атақты ағылшын қайраткері Флоренс Найтингейл туылған күні аталып өтіледі. Найтингейл Қырым соғысы (1853-1856) жылдарында өз еркімен майдан шебінде медбикелер қызметін ұйымдастырып, әскер сарбаздарына сапалы медицина қызметін көрсету үшін күрескен болатын.