Елордада 550 оқушыдан құралған «Астана» қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 шілде күні елорданың Орталық алаңында қаланың 18 жылдығына арналған «Сәлем-Астана!» мерекелік концерті өтеді. Бұл туралы Астана қаласының білім басқармасынан хабарлады.

Мерекелік шара барысында Алматы, Қостанай, Көкшетау, Ақтөбе, Өскемен қалаларындағы қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары ән мен биден шашу шашады.

Концерттік бағдарламада 550 оқушыдан құралған «Астана» қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетеді. Сонымен қатар 120 қатысушы жетіген, қылқобыз, қобыз тәрізді қазақтың көне аспаптарымен халық композиторларының күйлерін ойнайды. Фольклорлық ансамбльдер, хореографиялық ұжымдар, хор ұжымдары, жеке орындаушылар жергілікті тұрғындар мен қала меймандарын өз өнерлерімен тәнті етеді.

Әрбір қатысушының өнері Led-экран арқылы көрсетіледі.

Сонымен қатар біруақытта Астананың балалар көркемсурет мектебінің 25 жас суретшісі өздерінің төл туындыларын паш етеді.