Елордада 6 жылдан бері мемлекеттік балабақша салынбаған – Жеңіс Қасымбек

Алдағы уақытта елордада 60-қа жуық балабақша салынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Солтан Жексембеков/Kazinform

«2017 жылдан бері қалада мемлекеттік балабақшалар салынбаған. Келер жылы осы бағдарламаны қайта бастауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда 60-қа жуық балабақша пайдалануға беріледі. 11 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады. Кейбірі бизнеспен бірлесе салынса, қалғанының құрылысы тек бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – деді Ж. Қасымбек бүгін елорда кәсіпкерлерімен кездесу кезінде.

Астана басшысы сонымен қатар, балаларға арналған оқушылар сарайын салу жоспары туралы айтты.

«Мұндай 15 нысанның құрылысын жоспарладық. Әр ауданда 5 нысаннан салынады. Бесеуінің құрылысын келер жылы бастаймыз. Екеуі жергілікті бюджет есебінен болса, үшеуі мемлекеттік-жекешелік серіктестік тәртібінде тапсырылады», – деді қала әкімі.

Шаһар әкімінің сөзіне қарағанда, келер екі жылда қалада 50 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Содан кейін жыл сайын 10-ға жуық орта білім ордасы тапсырылуы тиіс.

«Себебі қаладағы табиғи өсім мен көші-қон процесі аясында бұл жоспарды жүзеге асыруымыз керек», – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бұрын қала әкімі әлеуметтік инфрақұрылым бала санына сәйкес келмейтінін айтқан болатын.