Елордада 62 көппәтерлі апатты үй сүрілді - С.Хорошун

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы елордада апатты жағдайдағы 62 көппәтерлі тұрғын үй сүріліп тасталды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте елорда әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті.

«Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 343 мың шаршы метр, оның ішінде ескі және апатты үйлерді сүру жобасы аясында 151 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған ілкі жоба қолға алынған сәттен бері ескі және апатты үйде тұрып жатқан көптеген астаналықтар қайтарымсыз негізде жаңа пәтерлерге ие болған.

«Ілкі жоба жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері апатты үйде тұрып жатқан қала тұрғындарына 1762 пәтер қайтарымсыз негізде берілді. 62 ескі көппәтерлі тұрғын үй сүріліп тасталды», - деді С.Хорошун.

Елорда әкімінің бірінші орынбасары атап өткендей, бекітілген кестеге сәйкес ілкі жобаның бірінші кезеңі 2017 жылдың 1-ші жартыжылдығында аяқталатын болады.