Елордада 71 жастағы әйелді тонаған таксист ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полициясы 71 жастағы зейнеткерді тонаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жеке көлігімен жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын қаскүнем қарт әйелмен белгілі бір сомаға оны діттеген жеріне жеткізуге келіскен. Дегенмен, ол көше тұйықтарының біріне келгенде әйелді қайшымен қорқыту арқылы ақшасын тартып алып, көлігімен қашып кеткен.

Полиция қызметкерлерінің жедел іздеу шараларының нәтижесінде 28 жастағы күдікті ұсталды және оны зардап шегуші танып отыр.

«Күдікті Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Заттай айғақ (ақша) тәркіленді. «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің дәл осындай оқиғалар қатысы тексерілуде. Аталған азаматтың заңға қайшы әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне, Бейбітшілік к., 19 немесе 71-61-51; 71-63-16 немесе 102телефондарға хабарласуы қажет», - делінген таратылған ақпаратта.