— Қазіргі таңда елордада еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,3% болып, республикалық орташа көрсеткіштен (4,6%) төмен, — деді ол.
Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елордада 7 593 жаңа жұмыс орны ашылған.
— Осы кезеңде жұмыспен қамту шаралары арқылы 6 122 адам жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде 3 194 адам — 35 жасқа дейінгі жастар, — деді Омар Олжас.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде мансап орталықтарының рөлі маңызды. Олар бос жұмыс орындарын ұсынып, жәрмеңкелер өткізіп, қысқа мерзімді оқыту арқылы азаматтарға қолдау көрсетеді.
— Мәселен, жыл басынан бері 302 жұмыс берушінің қатысуымен 17 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар Электрондық еңбек биржасы порталында 1 980 жұмыс беруші шамамен 5 600 бос жұмыс орнын жариялады, — деді орталық басшысы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астана тұрғындарына әртүрлі әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіліп келеді.