Елордада «Абай академиясы» ҒЗИ мамандары абайтанудың өзекті мәселелерін талқылады

Фото: «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты

АСТАНА. KAZINFORM – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты «Абай орталықтары және абайтанудың қазіргі өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізді.

Ұлы ақынның әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет бағыттары аясында жаңаша зерделеу арқылы ұлы ақынды бәсекеге қабілетті қоғам құру мен интеллектуалды ұлт қалыптастырудың темірқазығы ретінде насихаттауды мақсат еткен жиында Абай орталықтарының атқарылып жатқан жұмыстары жайлы ақпараттар ұсынылып, Абайтануға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Фото: «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің сәтті орындалып, еліміздегі абайтану орталықтарымен және белгілі абайтанушы ғалымдармен бірлесіп кешенді талдамалық зерттеулер жалғасып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар 2019 жылдан бастап «Абай академиясы» ҒЗИ қабырғасында 80-нен астам ғылыми-танымдық еңбектер жарық көргеніне тоқталды.

«2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» арнайы жобалар аясында «Абай академиясы» атты сериямен 23 академиялық басылымдар оқырмандарға ұсынылды. 2021-2022 жылдары Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде 48 ғылыми-танымдық кітап әзірленді», - деді Жандос Әубәкір.

2023 жылы 12 ғылыми-танымдық еңбек дайындалып, ғылыми зерттеу институтының зерттеу жұмыстарының сапалы әрі жоғары деңгейде іске асырылуына еліміздің абайтанушы ғалымдары, жетекші зерттеушілер, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер және «Абай орталықтары» өз үлестерін қосқанын атап өткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек.