Отырыс барысында Абай интерактивті кешенінің тұсауы кесілді. Кешенді ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің тапсырысымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Абай академиясы ғылыми-зерттеу институты әзірледі.
«Бұл кешен бірнеше бөлімнен тұрады. Ең алғашқы бөлім – Абай тұғырнамасы. Ақын замандастары мен ұрпақтарының естеліктері, абайтанушы ғалымдардың академиялық зерттеулері осында толығымен жинақталған. Екінші бөлім – Абайдың шығармашылық әлемі. Ақын өлеңдері мен қара сөздерінің, поэмалары мен аудармаларының әрқайсы жеке-жеке аннотациялық сипатта талданған және әр туындының толық мәтіні аудионұсқа түрінде берілген», - дейді Абай академиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Сайлаубай.
Аталған кешенде оқырман Абай қара сөздерінің шығу тарихымен танысып, аудионұсқада тыңдай алады.
«Келесі тарау – бейнедәрістер. Бұл тарауда Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын жаңаша баяндау мақсатында танымдық академиялық дәрістер топтамасы берілген. Дәрісті абайтанушы ғалымдар оқыды. Сонымен қатар, кешенде онлайн кітапхана бар. Онлайн кітапхананың ерекшелігі – ақын шығармашылығы туралы барлық зерттеу, ғылыми-танымдық кітаптар цифрлық форматта толық мәтінде қойылған. Оқырман өзі қалаған зерттеушісінің еңбектерін оқып, толық таныса алады. Кешеннің тағы бір бөлігі – Жидебай-Бөрілі деп аталады. Онда Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрамына кіретін Семейдегі бас мұражайы, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Шәкәрім мұражайының фото-бейненұсқалары орналасқан. Кешеннің тағы бір мазмұнды, мағыналы бөлімі – 20 поэзия бөлімі деп аталады. Мұнда Абай өлеңдері негізінде 15 арнайы қойылым түсірілген. Қойылымның ерекшелігі – кәсіби актерлер Абай шығармашылығының мазмұнына сәйкес тамаша қойылымдар ойнап шықты», - дейді ол.
Аталған шара Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойы және «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығына орай өтті.