Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қорғау-Астана» Жеке қорының атқарушы директоры Анна Рыль мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қорғау-Астана» ЖК-мен және ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылды.
А.Рыльдың айтуынша, жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайтын Адам саудасының құрбандарын уақытша орналастырып, оңалтуға арналған орталық үстіміздегі жылғы тамыз айында толық іске қосылды. Мекеме қажетті техникалармен және жиһаздармен қамтамасыз етілген және бір мезгілде 24 адамды орналастыруға лайықталған. Адам саудасы мен басқа да келеңсіз оқиғалардың құрбандары Орталықтан уақытша пана тауып қана қоймай, медициналық мамандардың, құжаттарды қалпына келтіру бойынша заңгерлер мен адвокаттардың көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ оларға психологиялық және материалдық жәрдемдер көрсетіледі.
Орталық ҚР Ішкі істер және Әділет министрліктерімен, Астана қалалық Ішкі істер департаментімен және ҚР Бас прокуратурасымен тығыз жұмыс істейді және оған адам саудасының жәбірленушілері тергеу амалдары аяқталғанға дейін 3 айдан 1 жылға дейін орналастырылады. Осы уақытқа дейін онда 7 адам паналап, тиісті көмектерін алды. Бірақ А.Рыльдың айтуынша, тәулік бойы жұмыс істейтін 509-509 және 467-509 нөмірлі сенім телефондарына өз бетінше хабарласып, паналауды емес, заңгерлік кеңестерді сұраушылар өте көп.
Орталықты қаржыландырумен ҚР Әділет министрлігі айналысады және келесі жылдан бастап мұндай мекемелерді Қазақстанның әр аймағында ашу жоспарлануда.