Іс-шараға құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай-сервис саласын ұсынатын ірі салалық бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтардың және сарапшылық ұйымдардың жетекшілері қатысуда.
Партия кеңесінің саяси мүшесі Рауан Кенжеханұлы олардың партия қатарына өтіп, бүгінде оның ұйымдық әлеуетін нығайтуға және бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысып жатқанын атап өтті.
— Съезд жұмысына «AMANAT» партиясының өкілдері де қатысып отыр. Аталған партияның «Әділет» партиясына қосылуы мәселесі съезд делегаттарының қарауына шығарылды. Сонымен қатар II Съездің күн тәртібіне партияның одан әрі дамуы, өңірлік филиалдарды құру және ұйымдық құрылымды нығайту мәселелері енгізілді, — деді ол.
Съезд қарсаңында стратегиялық сессия ұйымдастырылып, делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылады.
Айта кетейік, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылды.
2026 жылғы 7 мамырда Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, партияның ресми қызметі басталды. Ал 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.
Партия еңбек адамдарының, мұнай-сервис және тау-кен металлургиясы саласы қызметкерлерінің, шахтерлердің, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT-сектор, құқық саласы және креативті индустрия өкілдерінің басын біріктіреді.
Партия платформасының негізін әділеттілік, жауапкершілік, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттары құрайды. Партия заң үстемдігін нығайтуды, тиімді мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамытуды, өңірлерді қолдауды, адами капиталды жетілдіруді, цифрландыруды ілгерілетуді және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруды қолдайды.
«Әділет» партиясының II Съезінің жұмысы жалғасып жатыр.
Еске салсақ Астанада «AMANAT» партиясының кезекті Съезі өтті. Оның қорытындысы бойынша партия мүшелері мемлекетті дамыту бағытында атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдаған еді.