Елордада аэротакси алғаш рет сынақтан өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада алғаш рет электр қуатымен жұмыс істейтін аэротаксидің көрсетілімі өтті. Қала ішінде әуе тасымалын дамытуға бағытталған жоба «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық ойындары аясында таныстырылды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Аэротаксидің ұшу сәті қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытайдың AutoFlight компаниясымен бірлесіп өткізілді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Көрсетілім барысында AutoFlight Prosperity электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын eVTOL әуе аппараты таныстырылды. Аэротакси бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Келешекте ұшқышсыз ұшу жобасы да қарастырылып жатыр. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырым, ал бір қуатта шамамен 200 шақырымға дейін ұша алады. Аппарат 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Соның арқасында кәдімгі тікұшақтарға қарағанда дыбысы әлдеқайда бәсең, әрі атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Алғашқы ашық көрсетілім халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушыларсыз өткізілді.

Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясының бас директоры Сергей Хегайдың айтуынша, бұл тек бір реттік көрсетілім емес.
— Астанадағы ұшу — Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз — инновациялық әуе көлігін еліміздің көлік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналдыру, — деді Сергей Хегай.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жоба биыл маусым айында заңнамалық қолдауға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын әуе аппараттарын (eVTOL), вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесін құқықтық тұрғыдан реттейтін заңға қол қойған болатын.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Еске сала кетейік, бұған дейін, Қазақстанда eVTOL әуе көлігінің алғашқы таныстырылымы 2026 жылғы 19 мамырда Алатаудағы еліміздегі алғашқы вертипорттың аумағында өткен болатын.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Фото: Alatau Advance Air Group
Фото: Alatau Advance Air Group

Сондай-ақ аэротакси қызметі бастапқы кезеңде Алатау және Алматы қалаларында іске қосылады