Елордада «AgriTekAstana 2010» ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ашылды

СТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада «AgriTekAstana 2010» ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ашылды. Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евнеев бұл көрменің Қазақстанның ауыл шаруашылығы кешенінің жаңа сапалы деңгейге көтерілген кезінде өткізілуі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан кейін өтіп отырғандығы өте өзекті екендігін баса айтты.

Ол Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін алға қойған үш міндетке кеңінен тоқталды. «Біріншіден 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе арттыру, екіншіден елдің азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету. Бұл орайда 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Үшіншіден экспорттық әлеуетті іске асыру деген болатын. Бұл басым масаттарды тек жаңа технологиялармен, техникалармен ғана жүзеге асыра аламыз. Демек бұл мәселелердің түйткілдерін шешу жолдары осындай көрмелер болмақ», деді өз сөзінде ол.

Оның айтуынша, мұндай көрмелер жаңа технологиялармен жете танысып, оның мүмкіншіліктерін бағдарлауға мол мүмкіндік берумен қатар, шағын келісімшарттар жасауға, әріптестік қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Наурыздың 19-ына дейін жалғасатын көрмеде Пәкістан, Ресей, Канада, Америка сынды әлемнің 14 ірі мемлекетінің 100-ден астам ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын кәсіпорындары бас қосып отыр.