Биылғы жылы қалалық фестиваль 15-і мен 20 сәуір аралығында өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына М.Горький атындағы орыс драма театрынан мәлім етті.
«2013 жылғы 15-і мен 20 сәуір аралығында Астана қаласының Білім басқармасы, «Pearson» компаниясының Астанадағы өкілдігі және Ағылшын тілі мұғалімдерінің ұйымы үшінші жыл қатарынан Астанада балабақшалар мен қала мектептері арасында «English Theatre Festival» ағылшын тілінде театр қойылымы фестивалін өткізуде»,- деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай фестиваль балалар мен мектеп оқушылары арасында театр өнерін дамытып, кеңінен таныту, сондай-ақ, ағылшын тіліне деген қызығушылықты арттыру мақсатын көздейді.
Шығармашылық жарыс елордалық балабақшалар мен №54, №3, №46 мектептерде өтеді. Байқауға 15-тен астам мектептен және 4 балабақшадан балалар қатысады деп жоспарланған.
Фестиваль төрт жас ерекшелігі санатында, атап айтқанда: 5-6 жастағы балалар, 7-10 жастағы мектеп оқушылары, 11-14 жастағы және одан да жоғары 15-18 жастағы балалар арасында өтеді.
Қойылымды бағалайтын қазылар алқасының құрамына Астана қаласы Білім басқармасы өкілдері, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының шығармашылық қызметкерлері, қалалық Оқушылар сарайының әдіскерлері және тәжірибелі ағылшын тілінің мұғалімдері енеді.
Ұйымдастыушылардың айтуынша, ешбір бала ескерусіз қалмайды. Барлығы да кішкентай, бірақ пайдалы кәдесыйлар алады. Үздік жас әртістерге ағылшын тілін оқып-үйренуде айтарлықтай жеңілдіктер жасалады.