Салтанатты шараға қатысқан Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің мәдени күндері елордада 20 маусымнан бастап 25 маусымға дейін өтетіндігін, оған ақмолалық бір жарым мыңнан астам өнерпаз қатысатындығын атап өтті.
«Бұған қоса, Ақмола облысы әсем табиғатымен, бай тарихымен, мәдени мұрасының молдығымен де ерекшеленеді. «Арқаның кербез сұлуы» атанған, жер жәннаты - Көкшетау қазаққа Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ сынды қайталанбас тұлғаларды, сал-серілерді сыйлаған қасиетті мекен. Бауырында ақ қайыңы тербеліп, баурайында 80 көлі шалқыған Көкшетауда дәстүрлі мәдениеттің қаймағын бұзбай, аманатқа адалдық танытып, ұлттың мол рухани-қазынасын дәріптеп жүрген ұл-қыздар бар», - деп атап өтті облыс басшысы.
5 күнге орайластырылған мәдени шара «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған. Мәдениет күндерінің аясында Ақмола облысы филармониясының кәсіби ұжымдарының, облыстың ең үздік шығармашылық көркемөнерпаз ұжымдарының гала-концерттерін, кескіндеме суреттерінің, халық шығармашылық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жұмыстарының көрме-сатылымдарын, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсететін этноауылдағы театрландырылған мәдени-көпшілік іс-шаралар мен ұлттық спорт ойындарын тамашалауға мүмкіндік бар.