Елордада ақын, әнші, сазгер Иран Тасқараның «Тәуелсіздік шаттығы» атты шығармашылық концерті өтті

sp;АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елорданың Конгресс-Холл сарайында ақын, әнші, сазгер Иран Тасқараның «Тәуелсіздік шаттығы» атты шығармашылық концерті өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көкшетаудан арнайы келген «Нұр отан» ХДП филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин  бұл іс-шараның Ақмола облысының - 70, Көкшетау қаласының - 185, «Нұр Отан» ХДП-ның - 10, ал қазақ халқының аты аңызға айналған танымал сал-серісі, сазгер Біржан Қожағұлұлының 175 жылдық мерейтойына арналып отырғандығын атап өтті.

Концерті өзінің «Тәуелсіздік шаттығы» жырымен ашқан И.Тасқара бұдан кейін Біржан салдың бірқатар әнін әуелете шырқады.  Сонымен қатар ҚР-ның еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова, Ғазиза Жұмекенова, еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Мереке Бекмағамбетов, Майра Есмұхамбетова және Ақмола өңірінің талантты жас өнерпаздары  қатысып, Біржан салдың, Ақан серінің, және И.Тасқараның шығармашылығынан әндер орындады. Әншілерді дирижер Дәурен Ғылымовтың басшылығындағы Астанадағы Мемлекеттік халық аспаптары оркестрі сүйемелдеп отырды.

Аталған кеш Ақмола облыстық мәдениет басқармасының, облыстық филармонияның және халық шығармашылығы орталықтарының қолдауымен  «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды.