Астана қалалық мемлекеттік филармониясы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса» күйімен сүйемелдеуімен сахна төріне шыққан С.Тұрғынбекұлы өзінің «Әлқиса» деп аталатын жыр шумағын оқыды. Осыдан кейін ақынды шығармашылық кешімен құттықтауға келген Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов «Ақкөлден ұшқан аққулар» әнін, ал Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасенғалиев ұлы Біржанмен ақынның сөзіне жазылған «Құтты болсын, туған күнің!», «Ақ періште» әндерін шырқады.
Сондай-ақ кеш барысында С.Тұрғынбекұлының достары мен шығармашылық әріптестері оның 20-дан астам әндері мен өлеңдерін орындап, «Кейкі батыр», «Сәкен сұңқар» дастандарынан үзінділер оқыды. Конгресс-холл сарайында әуелеген «Ерке қыз», «Сұлуым», «Ер Жәнібек», «Астана - Ару, Астана» әндері тыңдарманның зор ықыласына бөленді.
1946 жылы қасиетті Торғай өңірінде дүниеге келген Серік Тұрғынбекұлының есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Тәржімашы ретінде де танылды. Оның аударуымен П.Богдановтың «Мәскеу үшін шайқасы» поэмасы, сонымен қатар А.Твардовскийдің лирикалық өлеңдері «Перзент сыры» деген атпен қазақ тілінде жарық көріп, оқырман қолына тиген болатын. Өзінің де көптеген жыр кітаптары бар. Бірнеше мүшәйраның жеңімпазы. Айталық, 1995 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жылдық мерейтойындағы ақындар мүшәйрасында бас жүлдені иеленген еді.