Елордада «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігі сәбидің тұсауын кесу рәсімін өткізді
Шараға ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова мен Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Азанғазы, сонымен қатар аталған қоғамдық бірлестіктің «Ардагерлер» хор ұжымы қатысты.
Жас баланың тұсауын кескен Ф.Оңғарсынова «Бибі Фатима анамыздың құдіретті шапағаты тиіп, халқымызға мақтаныш болатын перзент болсын», деген өз тілегін білдірді.
Ал, қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы бүгін қазақтың дүлділ ақын қызы Фариз Оңғарсынованың да туған күні екендігін атап өтіп, өзі басқаратын мекеме атынан арнайы құттықтау грамотасын тапсырды.
Онда «Құрметті Фариза Оңғарсынқызы! Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Қазақ әдебиетіндегі тұмардай киелі орныңыз бен ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітіміңіз талайды тәнті етті. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай тәлім-тәрбие мектебінен өттіңіз. Сондықтан болар алуан асу, соны соқпақтың жыңғылымен жылысында сіз салған сүрлеудің сүреңі өзгеше», делінген.
Салтанатты шара барысында Ф.Оңғарсыноваға «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің атынан шапан кигізілді.
Айта кетейік, тұсакесер - сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері бар. Жіпті көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен жасап, бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деген ырыммен ала жіптен де жасайды.