13:26, 20 Наурыз 2009
Елордада алаяқтық жолмен көлік сатып жүрген қылмыстық топ құрықталды
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық тәртіп сақшылары арнайы жүргізілген жедел-сауықтыру шарасының барысында елордада қымбат көліктерді алаяқтық жолмен саудалап жүрген қылмыстық топты құрықтады.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, алаяқтар қаладағы көлік сататын базарлардан қымбат көлікті таңдап алып, оның иесімен алдымен көліктің бағасының 20 пайызын төлеп, қалғанын содан соң төлеуге келіседі. Бұдан соң олар көлікті жалған құжаттар арқылы толық бағасына сатып жіберіп, көзден ғайып болады. Алаяқтық топ осыған дейін осындай 14 әрекетті жүзеге асырып үлгеріпті. Әзірге тұрғындарға келтірілген шығындардың нақты көлемі белгісіз, оларды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. «Тексеру барысында алаяқтық топ мүшелерінің 20 мен 30 жас аралығындағы жоғары білімді азаматтар екендігі анықталды. Олардың барлығы Ақмола облысының тұрғындары», - деді Ж.Битенов. Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, сауықтыру жұмыстары кезінде Қылмыстық полиция қызметкерлері көлік ұрлаумен айналысып жүрген 3 адамнан құрылған тағы бір қылмыстық топты қолға түсірді. Олар 2008 жылы Б. атты азаматқа қарақшылық шабуыл жасап, «Порше Коен» автокөлігін тартып алған. Көлікті Қарағанды қаласында сатпақ болған. Топ өкілдерінің барлығы Ақмола облысының, яғни елордаға жақын аймақтардың тұрғындары болып отыр. «Қазіргі таңда олар қамауға алынып, еліміздегі өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Ал тартып алынған көлік иесіне қайтарылды. Тергеу амалдары жалғасуда», - дейді дептартамент бастығының орынбасары.