Елордада «Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жаңғырту жағдайында Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасын жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жаңғырту жағдайында Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасын жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиын барысында Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасы ережелерін жүзеге асырудың тиімділігі, сайлаушылармен депутаттардың өзара байланысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу, әлеуметтік-танымдық жобаларды, ақпараттық, тіл саясаттарын ұйымдастыру аясында мемлекеттік-жеке әріптестікті жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Қоғамды біріктіру мен ұлттық бірлікті нығайтудың тетіктерін жетілдіру әрі біріктіруші факторларды дамыту мәселелері пікірсайыс алңының арқауына айналды.

Жалпы аталған шара «Этносаясаттың жаңа қатерлері мен міндеттері: үйлестіру, басқару және мониторинг технологиялары» атты үшкүндік республикалық семинар-тренинг аясында ұйымдастырылды. Семинар барысында филология ғылымының докторы, профессор Асма Қалыбекованың «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» аты монографиясының тұсаукесері өтті.