Оның айтуынша, Астана әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін негізгі өңірлердің қатарына жатпайды. Елордадағы 31 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің тек үшеуі — нан, макарон өнімдері мен ұн ғана қала аумағында өндіріледі. Бұл өнімдерге деген сұранысты «Цесна» секілді жергілікті кәсіпорындар қамтамасыз етіп отыр.
Ал қалған тауарлар өзге өңірлерден жеткізіледі немесе импортталады.
— Мәселен, картоп пен сәбіз Павлодар және Қарағанды облыстарынан келеді. Ал бақша өнімдері негізінен оңтүстік өңірлерден жеткізіледі. Сүт және шұжық өнімдерінің де түр-түрі бар. Нарықта әр өндіруші өз тауарын ұсынады. Жалпы, азық-түлік жеткізіліміне қатысты айтарлықтай проблема жоқ, — деді Мақсат Жаңабаев.
Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашевтың айтуынша, бұрын заңнамада тауарларға шекті баға белгілеу тәртібі болған. Алайда кейін заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл талап алынып тасталған. Қазір сауда орындары үшін негізгі талап — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауы.
— Бір тауардың әр дүкендегі бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Оған логистика, жеткізушілермен жасалған келісімдер және тауарды сатып алу бағасы әсер етеді. Мәселен, шағын дүкендер көтерме базардан тауарды бір күні 160 теңгеден алса, келесі күні 180 теңгеден сатып алуы мүмкін, — деді Еркебұлан Тағашев.
Оның түсіндіруінше, егер дүкен иесі тауарды қандай бағамен сатып алғанын шот-фактура, жүкқұжат немесе өзге де құжаттар арқылы дәлелдей алмаса, оған сауда үстемесін негізсіз арттырғаны үшін шара қолданылады.
Айта кетелік әлеуметтік маңызы бар 31 тауардың бағасы қалай бақыланатыны туралы жазған едік.