Елордада алғаш рет Astana Debate Cup өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл алғаш рет Astana Debate Cup өтеді. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте Астана қалалық қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін біз Жастар жылына арналған жол картасы аясында 100 жаңа мамандық бойынша жалпы білім беру грантын бөлетін боламыз. Ағымдағы жылы алғаш рет Astana Debate Cup ресми елордалық пікірталас турнирін өткіземіз. Оған қаладағы барлық жоғары оқу орындарының командалары қатыса алады», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл турнирді алдағы уақытта жыл сайын өткізу жоспарда бар.

«Жол картасы аясында қарастырып отырған тағы бір өзекті бағытымыз - денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту. Аталған бағыт аясында біз 11 ірі жобаны қарастырып отырмыз. Оның аясында студенттердің футбол лигасын, студенттер арасында универсиада, дуатлон, марафон, сонымен қатар IronMan өткізу жоспарда бар», - деді Д.Есин.