Елордада алғаш рет жылжымайтын мүлікке құқық электронды түрде тіркелді

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының Әділет департаментінде алғаш рет жылжымайтын мүлікке құқықты электронды тіркеу жүргізілді, деп хабарлады astana.kz сайты департаменттің жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу бөліміне сілтеме жасап.

«Мәселен, жақында Астана қаласының жеке нотариусы Әйгерім Мұратқызы Айкешеваның жылжымайтын мүлік құқығын тұңғыш рет электронды түрде тіркеді. Сатып алу-сату келісімі рәсімделген соң, нотариус сатушының электрондық тіркеуге жазбаша келісімімен, «Е-нотариат» (біртұтас нотариаттық ақпараттық жүйе) жүйесі арқылы нотариустың электрондық цифрлық қолымен бекітілген құқықты куәландыратын құжатты электрондық түрде Астаналық Әділет департаментіне жіберді», - деп мәлімдейді Астана қаласы Әділет департаментінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлшат Бикенова.

Жылжымайтын мүлікті сатып алушы келісімге қол қойғаннан кейін, мемлекеттік баждың сомасын банктің төлеу карточкасымен Қазақстан Республикасы Электрондық үкіметінің төлеу шлюзі арқылы төледі. Жылжымайтын мүлікті электронды тіркеу небәрі бір күн ішінде жүзеге асырылды.

«Нотариуста келісім-шарт жасағаннан кейін, азаматтарға ХҚКО-ға құжат тапсырып, Әділет органдарының шешімін күту міндетті емес. Барлық қажетті ақпарат нотариустан автоматтық түрде тіркелу органына түседі. Құқық иеленуші немесе оның уәкіліне «электрондық үкімет» төлеу шлюзі арқылы мемлекеттік тіркеу жиыны үшін ғана төлеу қажет. Тіркеуші орган, электрондық түбіртек бар болғанда және құқықтық кадастр ақпараттық жүйесіне автоматтық түрде құқықты куәландыратын құжаттың көшірмесі келіп түскен жағдайда тіркеу өткізілгені туралы хабарламаны біртұтас нотариалдық ақпараттық жүйесіне жолдайды.

Электрондық тіркеу үшін азаматтардың электрондық цифрлық қол таңбалары қажет емес, тіркеу үшін ең бастысы: ЖСН, Интернетке қол жетімділік, банк төлем карточкасы қажет екенін атап өткен жөн.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу электронды түрде енгізілді.