Елордада Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиум жұмысын бастады. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың қаңтар айында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылатынын, іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылатынын айтқан еді. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, симпозиумды өткізу Қазақстанның ұлттық бірегейлігін нығайтуға, елімізді Алтын Орданың құқықтық мұрагерлерінің бірі ретінде танытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Ұлы Дала дәуірін зерттеудегі халықаралық ғылыми беделін арттырады.

Ғылыми жиынға барлығы 350-ден аса делегат қатысатыны жоспарланған. Олардың қатарында халықаралық ұйым өкілдері, беделді шетелдік ғалымдар, қазақстандық тарихшы-ғалымдар бар.