Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен осымен екінші рет өтетін айтулы шараға 11 елдің өкілдері қатысады. Атап айтқанда, ОАР, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, Болгария, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Румыния, Венгрия және Қазақстан.
«Ертең елорда төрінде ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирі басталады. Садақшылар бәсекесіне 11 мемлекеттен 25 мерген қатысады. Жарыстың биылғы жүлде қоры - 4 млн теңге, бас бәйгеге 2 млн теңгеге жуық ақша тағайындалды,- деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.
«Алтын жебе» турнирінің ерекшелігі - садақшылардың барлығы нысананы ат үстінен көздеп атады. Екі күнге созылатын садақшылар сайысы үш кезеңнен тұрады: «Шапшаң ату», «Қалқан ату» және «Жамбы ату».
Мергендер жарысы Астанада «Қазанат» ипподромында 30-31 тамыз күндері өтеді.