Бұл туралы елорданың ресми сайтынан хабарлады.
Іс-шараға аға буын өкілдерінен - 100-ге тарта адам қатысты. Олардың арасында жасы 70-тен асқан ардагерлер де бар. Шараға қатысушылар 400 метрлік стадионды 4 рет айналып шығуы тиіс болды.
«Спорттық іс-шараны өткізудегі мақсат адамды рухани жағынан жетілдіріп, шымырлыққа тәрбиелеу, ортада салауатты өмір салтын қалыптастыру. Екіншіден, ардагерлерді бір араға жинау, көңілдерін көтеру. Жалпы, ардагерлер белсенді болуы керек. Жастар біздің сөзімізбен қатар, ісімізден де өнеге алуы тиіс», - дейді Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Әлімжанов.
1600 метрлік қашықтықты әйелдер арасында «Желаяқ» әуесқой жүгірушілер мен салауатты өмір салтын қалыптастыру клубының төрайымы Раиса Михеева алғашқы болып келді.
«Менің өмірлік ұстанымым, ең әуелі ішкі жан-дүниеңді бағындыра білу, ал жеңіс мен үшін маңызды емес. Мені атақ-даңқ мүлде қызықтырмайды. Өйткені, бұған дейін бірнеше рет сайыстарда жеңіске жетіп, жүлде атаулының түр-түрін алып келдім. Мен жүгіруді 45 жасымда бастадым. Содан бері 27 жыл өтті, 72 жасқа келсем де жүгіруді тастаған емеспін. Күн сайын 6 шақырым жүгіремін. Тіпті жаяу жүру үшін көлігімді де сатып жібердім», - дейді Раиса Михеева.
Іс-шараны ұйымдастырушылар кросс аяқталған соң ардагерлерге арнайы дастарқан жайып, құрмет көрсетті.