Елордада әртүрлі өңірлерден келген кәсіпкерлердің қатысуымен жәрмеңке өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Keryen Joly сауда орталығы аумағында осы демалыс күндері кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан, Павлодар және басқа облыстардан келген шамамен 30 кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Сатып алушылар көкөністер, жемістер, ет өнімдері, ұн және сүт өнімдері, нан-тоқаш, шырындар, тосаптар және басқа да тауарларды қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай іс-шаралар бағаның өсуін тежеуге және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған. Орташа есеппен, жәрмеңкеге күн сайын 7-10 мың адам келеді. Бұл жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Астанада мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетінін хабарлағанбыз.