Нұр-Сұлтан қаласының басты аруы титулына 19-24 жас аралығындағы 583 бойжеткен үмітті болып, финалға 19 қыз іріктелді.
«Байқауға қатысушы болудан гөрі, әділқазы болған қиынырақ екен. Лайықты ару жеңімпаз болады деп ойлаймын. Бұл байқауда арулардың сұлулығы ғана емес, ақылы, білімі, парасаты, өнері де сынға түседі», - дейді «Астана Аруы - 2018» байқауының жеңімпазы Еркеназ Сейфулла.
Осы жылы сұлулық байқауы «Еріктілер жылы» аясында өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар жобаға қатысушылар үшін мазмұнды бағдарлама дайындаған. Мәселен, сайыстың финалына шыққан арулар қайырымдылық акцияларына қатысты.
Қайырымдылық акцияларының бірі - «28 ілмек» қоғамдық қорына практикалық көмек көрсету болды. Қор шала туған сәбилерге қолдау көрсетеді. Мұндай жағдайда аман қалу өте қиын, сәбиге шын мәнінде жылу қажет.
«Сенің қолыңда алақандай сәбидің тағдыры бар екенін білу - үлкен жауапкершілік. Мен мұнда өз қолыммен киім-кешек тоқу үшін қажеттінің бәрін алып келдім. Сәбилерді көрген кезде ерекше толқып, тіпті қолдарым дірілдеді. Бастысы, шұлықты үлкен махаббатпен тоқыдым», - дейді «Мисс Астана» байқауының қатысушысы Айым Имашева.
Фото: www.instagram.com/misskazakhstan_official