Бұл туралы бүгін елордадағы «Абай» қонақүйінде болған басқосуда ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел айтты.
«Біздің жаңа елордамыз - Астана қаласының негізін салушы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - шығармашылық саласында қызмет жасап жүрген қауымға: «Елордамыз Астана - халқымыздың мақтанышына, еліміздің абыройына, ұлтымызды дүние жүзіне танытатын сәулетті қаланың біріне айналып отыр. Қаланы әлемдік деңгейге жеткізуге үлес қосқан адамдар туралы жазып, еңбегін көрсетіңдер» деген еді.
Ақмола қаласы еліміздің Астанасы болып жарияланған 1997 жылдың маусым айынан бастап 1999 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта қаланың бүгінгі деңгейге жетуіне септігін тигізген жандар баршылық. Қарапайым мамандардан бастап министрлерге дейінгі азаматтардың игі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдыру мақсатында «Түгел» баспасөз клубы «Астана қаһармандары» атты жобаны жүзеге асыруда», деді ол.
Қазіргі уақытта барлық министрліктер мен мекемелерден аталған шығармаға енетін адамдар туралы мағлұматтар жиналуда.