Елордада «Астана қаласының саясаткер әйелдері клубының» бірінші мәжілісі өтті

АНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы Бейжің сарайда «Астана қаласының саясаткер әйелдері клубының» бірінші мәжілісі өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталмыш шара Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарды қамтитын гендерлік тепе-теңдік стратегиясын жүзеге асыру шараларының аясында ұйымдастырылуда. Жобаны Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырып отыр.

 Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, қазір гендерлік стратегияны жүзеге асыру аясында елде көптеген шаралар атқарылуда. «Биыл біз БҰҰ-ның Астанадағы өкілдігімен бірлесіп, жыл басынан бері көптеген жұмыстар атқардық. Осыған орай елдегі бірқатар мемлекеттік емес ұйымдарға гранттар берілді. Соның бірі -әйел саясаткерлерді, яғни әйел лидерлерді дайындау мәселесімен байланысты. Біздің бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты да осы шараларға арналып отыр. Бүгінгі кеңесте біз республикадағы танымал саясаткер әйелдер мен қоғам қайраткерлерінің басын қосып отырмыз. Отырыс барысында олар болашақ көшбасшы әйелдерді дайындау ісінде өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі», деді Г.Әбдіхалықова.