Елордада «Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маусымның 3-7 күндері еліміздің бас қаласында «Астана кештері» атты VIII халықаралық өнер фестивалі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастауын 2012 жылы алған өнер фестивалінің басты мақсаты - халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Бұл күндері әлемнің үздік сахналарын бағындырған танымал өнер жұлдыздары классика, халық өнері және эстрада бағытындағы музыканың озық үлгілерін қалың көпшілікке тарту етпек», - деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттер ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Биылғы фестивальға Италия, Франция, Ресей, АҚШ, Өзбекстан елдерінің белгілі музыканттары қатысады. Атап айтқанда, италиялық альтист Анна Серова, фортепиано дуэті Марко Скьяво мен Серджо Маркеджани, Өзбек мемлекеттік үлкен театрының солисі Рамиз Усманов, Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің органисі Мари-Аньес Граль-Мене және АҚШ-тан келген Өзбекстанның тумасы танымал пианист Бекзода Абдураимова өз өнерлерін ортаға салады.

«Бұл кеште әлем мойындаған сахна жұлдыздарымен бірге бір сахнада еліміздің «Солистер академиясы», «Форте трио» ұжымы, сондай-ақ Медет Чотабаев сынды отандық дарынды өнерпаздар өнер көрсетеді. Бұл біз үшін үлкен дәреже әрі мол тәжірибе. Яғни «Астана кештері» халықаралық фестивалі әлемдік жұлдыздардың өнерін ұсынып қана қоймай, отандық музыка өнерін әлемдік кеңістікке танытуға игі ықпал етеді. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», - деді ол.

«Астана кештері» халықаралық фестивалі 3-7 маусым күндері елордадағы «Қазақстан» ОКЗ, «Астана опера» камералық залы, Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында өтеді. Фестиваль аясында өтетін концерттердің орны мен уақыты туралы ақпаратты «Қазақконцерт» МКҰ-ның ресми сайты және әлеуметтік парақшаларынан білуге болады.