Елордада «Астана кештері» ІІІ халықаралық өнер фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 20-22 маусым күндері «Астана кештері » ІІІ халықаралық өнер фестивалі өтеді. Бұл туралы «Дегдар» гуманитарлық қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Фестиваль «Дегдар» гуманитарлық қорының қамқорлық жөніндегі төрайымы Дариға Назарбаеваның ұйымдастырушылығымен және жетекшілігімен өткізіліп отыр. Жоба аясында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан мен Италияның атақты орындаушыларының қатысуымен 5 концерт болады. Концерттің бәрі де live форматында өтеді.

Қайырымдылық жобасы болғандықтан, коммерциялық ештеңе жоқ, сондықтан да билеттер тегін беріледі. Фестиваль ұйымдастырушыларының мақсаты - әлеуметтік жағдайы әртүрлі жұртшылықтың басын музыка әлемінде түйістіру.

Бұдан бұрын өткен осындай екі фестиваль көрермен тарапынан ыстық ықыласқа бөленген болатын. Сондағы концерттің бәрін әйгілі музыкатанушы Святослав Бэлза жүргізген еді. Фестивальдің бір концертіне Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев келіп, тамашалады.

Қазіргі жоба ауқымы жағынан кең және ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуді көздеп отыр. Концерттер Бейбітішілік пен келісім сарайында және «Астана Опера» театрының камералық залында болмақ.