Елордада Астана күніне орай ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шілде айында елордада Астана күніне орай ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылады. Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда біз апта сайын екі мекенжайда қалалық жәрмеңке өткізіп келеміз (Сауран көшесі – 7; Қосшығұлұлы көшесі – 14). Күзгі кезеңде өңірлердің қатысуымен өтетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз», - деді ол.

М.Жаңабаев айтып отырған өңірлер жәрмеңкесін жаздың соңына қарай бастау жоспарланған.

«Соған байланысты қазір өткізетін орындарды таңдап жатырмыз. Наурыз мерекесінде шығыс стиліндегі үлкен жәрмеңке өткізгенімізді білесіздер. Дәл осындай ауқымды шараны Астана күні мерекесінің құрметіне де шілде айында өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді әкімдік өкілі.