Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы елордада салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді демалуды ұнататын жұртшылыққа арнап қаланың барлық дерлік демалыс орындарында спорттық-бұқаралық шаралар өткізеді. Олар «Жерұйық», «Арай», «Астаналық» «Ғашықтар» саябағы, Президенттік саябақ, Отан қорғаушылар саябағы, «Ататүрік» саябағы, Студенттік саябақта және Есіл жағалауында ұйымдастырылады. Мұндай шаралардың бірі - «Астана - спорттық қала» шарасы өткен демалыс күндері қала саябақтарында өткізілді. Шараға келген көпшілік бокстан арнайы көрсетілімдер тамашалап, теннистен шеберлік сабақтарына қатысты, ролик, велосипед теуіп, стритбол, үстел теннисі, доп ойнаудан бақ сынады. Бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына Жолдауына ұлт денсаулығы үшін салауатты өмір салты мен спорттың маңызы туралы айта келе, қазақстандықтарды бұқаралық спортпен қамту көрсеткішін кем дегенде 30 пайызға жеткізу туралы міндет қойған болатын. Бүгінде Астананың спорттық инфрақұрылымы халықаралық деңгейдегі спорт сайыстарын өткізумен қатар, халықтың спортпен белсенді айналысуына мүмкіндік береді. Әлеуметтік сауалнамаларға жүгінсек, әрбір төртінші астаналық дене шынықтырумен айналысады. Қалада республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар тұрақты ұйымдастырылады.