Елордада «Astana Zdorovie 2013» атты халықаралық көрме өтеді

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Астанада, 22-24 қазанда денсаулық сақтау саласындағы 10-шы «Astana Zdorovie 2013» қазақстандық халықаралық көрме өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына «Көрме» орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Басты медициналық көрмеге зертханалық, диагностикалық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, арнайы аспаптар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, киім-кешектер, ортопедия және реабилитация, оптика және офтальмология қондырғылары қойылады. Сонымен қатар, ауруханалар, медицина және стоматология орталықтары мен жедел жәрдем өз өнімдерін таныстыратын болады.

Айта кетейік, көрме 9 жылдан бері өткізіліп келеді. «Astana Zdorovie» көрмесі медицинаның алдына қойған өзекті міндеттерін ашық талқылау үшін дәрігерлерді, кәсіпкерлерді және саясаткерлерді біріктіретін бірыңғай коммуникативтік алаң болып табылады. Бұл медицина саласындағы айтулы оқиға.

Жыл сайын мыңдаған маман жаңа технологиялармен және жобалармен танысып, іскерлік әріптестік құрады, тәжірибелерімен бөліседі.

Бұдан басқа, көрме аясында «AMF 2013» І Астана медициналық форум-конференция өткізу көзделген.