Елордада астыртын жұмыс істеген казино анықталды

АСТАНА.  18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада «Ломбард» мекемесі  түріндегі қызметті жамылып, жасырын жұмыс істеп келген заңсыз казино анықталды. Бұл туралы Астана қалалық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде департаменттің жедел қызметкерлері Астана қаласының Күйші Дина көшесінде орналасқан ойын автоматтары бар заңсыз казино-рулетканың қызметін әшкерелеген. Заңсыз казино «Ломбард» мекемесі түрінде қызмет атқарған.  Казино астыртын жұмыс істеген әрі оған тек тұрақты келушілер ғана ене алған. Заңсыз мекеменің кіреберіс алдындағы айналасы түгел бейне камераларымен бақыланып отырған. Ішке ену үшін, ойыншылар домофон арқылы арнайы «тексеруден» өтіп, сосын барып қана күзетші есікті ашып, келушіні кіргізіп, күтпеген қонақтардан сақтану үшін есікті жауып отырған.

«Операция барысында казинода болған 6 «ойыншының» біреуі зейнеткер болса, олардың қатарында қызмет көрсетушілер құрамы болған. Департаменттің жедел қызметкерлерімен ақша қаражаттары, ойын жабдықтары, рулетка үстелі, ойын автоматтары мен есеп жазулары тәркіленді.  Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу алды тексеріс жүргізіліп жатыр, ҚР ҚК «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» 269-1 бабы бойынша қылмыстық істі қозғау мәселесі шешіліп жатыр», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ал ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынын қалалық қаржы полициясы департаменті 18 ойын автоматтары залының және 3 казиноның заңсыз қызметін анықтаған. Көлеңкелі айналымнан 244 ойын автоматтары, 8 рулетка, карта ойындарына арналған 9 үстел және 1,2 млн теңге сомасында ақшалай қаражаттар тәркіленді. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бабы бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған.