Елордада «Ата заң - ел тірегі» атты мерекелік іс-шара өтеді

АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Тамыздың 29-ында елорданың Президенттік мәдениет орталығында ҚР Конституциясының 14 жылдығына арналған «Ата заң - ел тірегі» атты мерекелік іс-шара өтеді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президенттік мәдениет орталығына сілтеме жасап.

Бұл шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден, профессор Хангелді Әбжанов, Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің директоры Ербол Исламұлы және «Нұр Отан» ХДП  өкілдері, журналистер шақырылып отыр. Мерекелік шара аясында Орталықтың негізгі кітап қорынан «30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» деген атпен үш бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылып, ҚР Президентінің телерадиокешені түсірген «Конституция мұраттары» деректі фильмінен үзінділер көрсетіледі. Кітап көрмесі  тамыздың 31-іне дейін жалғасады.

 Мерекелік іс-шараның мақсаты - еліміздің Бас заңының қалыптасу тарихы, мәні мен маңызы, ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттіліктің заңдық ережелерін жас ұрпақтың бойына сіңіру; еліміздің Ата заңы - замананың тыныс-тіршілігі мен күретамыр лүпілі бірге соғып тұрған, өз елінің асыл мұраты мен арман-аңсарларына қалтқысыз қызмет ететін қасиетті құжаты болғандықтан, ҚР Конституциясын құрметтеу мемлекеттің әр азаматының қасиетті борышы екенін дәріптеу; тарихи танымын кеңейту, патриоттық тәрбиені насихаттау болып табылады.