Елордада автобусқа мініп-түсу ережесі тағы өзгеруі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат -«Астана LRT» қоғамдық көліктерге жолаушылардың мініп-түсу ережесіне алдағы уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастапқыда валидатор енді ғана орнатылған кезде кондукторсыз жүйе болатындығын білдік. Жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілгеннен кейін біртіндеп кондуктор қызметін алып тастаймыз. Жолаушыларымыздың қоғамдық көлікте жүру мәдениеті лайықты деңгейде болатындығына үміт артамыз. Ал ол әрбір жолаушы өз еркімен валидация жасауын білдіреді», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, әлі күнге дейін автобуста билетсіз жүретін елордалықтардың саны азаймай отыр. Күніне билетсіз жүретін жүзден астам адам ұсталады.

«Сондықтан да автобусқа алдыңғы есіктен ғана кіру ережесін енгіздік. Дегенмен, келешекте жолаушылар автобусқа мінген кезде өз еріктерімен валидация жасауға үйренгеннен кейін мініп-түсу үшін барлық есіктер ашылатын болады», - деді Науат Азанбаева.

Дегенмен, қазіргі уақытта елордалықтар қоғамдық көлікке отырғаннан кейін өз еріктерімен валидация жасауға үйренген жоқ. Сондықтан жолаушылар үйренгенге дейін автобусқа тек алдыңғы есіктен ғана отырғызылатын болады.