Елордада автокөлік иелері LRT құрылысшыларына шағымданып жатыр

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада LRT құрылысын сырлау жұмыстары басталды. 

Әлеуметтік желіде LRT құрылысшылары автокөлігіне бояу шашыратқаны туралы шағымданған елорда тұрғынының видеосы тарады. Автордың айтуынша, 16 мамырда әуежайдың қызметтік паркингінде автокөлігін қалдырған.

— Көлікке бояу шашыраған, жұрттар LRT-ны бояды деп жатыр, содан машинаға шашыраған, — дейді видеода ер адам.

Сондай-ақ видео авторы оқиға орнына полиция шақырғанын айтты.

Істің мән-жайын сұрап LRT құрылысына жауапты City Transportation Systems (CTS) компаниясының баспасөз қызметіне жүгінген едік. Бізге берілген мәліметке сәйкес, бояу жұмыстарының жүргізілетіні туралы ескерту тақтайшасы ілінген, кейін қате жазылғандықтан алып тастаған, бірақ, тақтайшаны орнына қайтадан қоймаған.

— 1 мамырдан бастап Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінде эстакада тіректері мен арқалықтарын сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сырлау үшін заманауи әрі функционалды ашық сұр RAL 7047 (Telegrey 4) түсі таңдалды. Бұл реңк эстетикалық жағынан тартымды және практикалық қасиетке ие, ол ластануға, шаң мен ауа райы жағдайына төзімді. Арнайы лак, яғни бояу құрамы құрылымдарды ультракүлгін сәулеленуден, ылғалдан, температура ауытқуларынан және механикалық әсерлерден сенімді қорғайды. Сонымен қатар, бұл жабын экологиялық қауіпсіз және заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді, — деп түсіндірді компаниядан.

Осы орайда LRT құрылысын сырлау жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілетіні хабарланды.

Айта кетсек, бүгінде елордадағы LRT рельсінің 25 пайызы төселді

Биыл күзде LRT тестілік режимде іске қосылады

Еске салайық, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-де жол жүру бағасы қанша болатынын айтты