Елордада «Аялаған Астана» байқауының іріктеу кезеңі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ІІІ республикалық «Аялаған Астана» балалар орындаушылары байқауының Астанадағы іріктеу кезеңі 24-25 сәуір күндері өтеді, деп хабарлайды astana.kz.

Байқау ұйымдастырушылары хабарлағандай, іріктеу кезеңдері Алматы, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Өскемен, Петропавл, Қызылорда, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Орал қалаларында өтті. Кастингке 400-ден астам бала қатысты. Биылғы байқау Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған. Оны Астана қалалық әкімдігі мен белгілі ресейлік «АРС» компаниясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Байқаудың басты мақсаты - Қазақстан бойынша дарынды балаларды іздеп, олардың шығармашылығына ары қарай қолдау көрсету. Кастингтер қорытындысы бойынша, байқауға финалға өткен 12 өнерпаз қатысады, олар жазғы демалыс уақытында Астанаға келіп, телевизиялық шоудың дайындығына қатысып, вокалдық, актерлік шеберлік, хореография және оркестрмен жұмыс істеуді үйрене алады. Байқаудың финалы 2015 жылдың 4-6 шілде аралығында, Астана күнін тойлау күндері «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. «Аялаған Астана» жеңімпазы халықаралық «Детская новая волна-2015» байқауында Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.