Елордада «Аялаған Астана» телевизиялық балалар байқауының ақтық сыны өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Аялаған Астана» ұлттық музыкалық телевизиялық балалар байқауының ақтық сыны өтуде.

Танымал байқаудың әсерлі финалы «Еуразия» Бiрiншi арнасында» тікелей эфирде көрсетiліп жатыр. Телевизиялық шоу Руслан Бутабаев басқаратын «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен өтпек. Финалда 12 концерттік нөмір көрсетіледі. Бір қатысушылар жеке орындаушы ретінде өнер көрсетсе, басқалары дуэт және триоларға бірігеді.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, «Аялаған Астана» болашақта бүкіл елдің мақтанышы болатын талантты қазақстандық әншілердің жаңа буынын тәрбиелеуді көздейді. Жобаның басты мақсаты - бүкіл республика бойынша жас дарындарды іздеу, олардың шығармашылық әлеуеті мен қабілеттерін әрі қарай дамытуға көмектесу.

Ірікітеу турына Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана - барлығы Қазақстанның 16 қаласының дарынды балалары қатысты.

Финал 2014 жылғы 4-6 шілдеде Астана күнін мерекелеу аясында өтеді, байқау үш күнге созылады, нәтижесінде халықаралық әділқазылар алқасының сарапшылары жеңімпазды анықтайды. Байқаудың гран-при жүлдесіне ие болған орындаушы «Детская Новая волна» байқауында Қазақстанның атынан шығу мүмкіндігіне ие болады және арнайы ақшалай жүлде - 1 миллион теңгеге қол жеткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Аялаған Астана» Астана әкімдігі және «Нұр Отан» ХДП бастамасымен Қазақстандағы өскелең музыканттарға көмек ретінде құрылған жоба. Алғаш рет «Аялаған Астана» атты балалардың ұлттық музыкалық телевизиялық байқауы 2013 жылы өткізілді.