Бұл туралы "Астана LRT" компаниясының басшысы Талғат Ардан мәлім етті.
Оның айтуынша, аталмыш ақпараттық таблолар қоғамдық көліктің аялдамаға неше минутта келетінін көрсетіп тұрады.
«Аялдамаларда ақпараттандыру жүйелері орнатылады. Яғни автобустардың келу уақытын, қоғамдық көліктің нөмірін көрсетіп тұратын арнайы табло. Ол жолаушылар тасымалын жүйелендіруге септігін тигізеді. Адамдар автобус қашан келетінін біліп отырады. Бұл қоғамдық көліктердің жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті ол Астанадағы қоғамдық көліктерге тегін wi-fi жүйесін орнатуға қатысты өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, автобустардың жүру жиілігін анықтайтын жүйе де толықтай өзгереді.
«Бұл түбегейлі жаңа стандарт. Бұрынғыдай диспетчерлік қызмет бомайды. Электронды бағдарламалар арқылы автобустардың уақыт тізімі өзгеше құрылады. Барша әлемде осындай тәжірибе жасалуда. Диспетчер өзі анықтап жатпайды, ол шынайы жолдағы жағдайларды ескеретін математикалық модель», - деді Талғат Ардан.